ПЕТРОПАВЛ, 25 мамыр – Sputnik. Петропавлда учаскелік полиция инспекторын өлтіріп кетті, деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы.
"Петропавл қаласының полиция басқармасында қызмет еткен 1990 жылы туған учаскелік полиция инспекторының денесі 25 мамырда үйінен табылды. Мәйітте зорлық-зомбылық белгілері бар, кеуде тұсынан түйрелген-кесілген жарақат анықталды", - деп хабарлады қадағалау органы.
Аталған факті бойынша Петропавл қаласы полиция басқармасының тергеу бөлімі сол күні Қазақстан Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі, яғни кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Облыс прокурорының орынбасары Мұрат Қожамқұловтың түсіндіруінше, бұл қылмыстың жәбірленушінің кәсіби қызметіне қатысы жоқ. Тергеушілер қылмысқа жанжал мен жеке бас араздығы себеп болған деп есептейді.
"Осы нұсқа бойынша жәбірленушінің жұбайының қылмысқа қатысы бар-жоғы тексерілуде. Тергеу нәтижесі туралы қорытынды шығаруға әлі ерте. Сот-медициналық сараптама тағайындалып жатыр. Қылмыс құралы тәркіленді. Тергеу барысы Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының бақылауында болады", - деп атап өтті прокуратура.
Айта кетері, жәбірленушінің артында екі кішкентай баласы қалды.