Экономика

"Мүмкін емес ешнәрсе жоқ": Скляр утилизациялық алымды алып тастау туралы пікір білдірді

Қазақстанда утилизациялық алымның мөлшері 50 процентке қысқартылған болатын
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 24 мамыр – Sputnik. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр утилизациялық алымды мүлдем алып тастауға қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Негізі, мүмкін емес нәрсе жоқ қой. Ештеңені жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бірыңғай экономикалық кеңістікте отырғанымызды ұмытпаңыз. Біздің көршілерімізде ол утилизациялық алым бар. Ал бізде көлік жасаушыларды және техника өндірушілерді қорғайтын басқа механизм жоқ", - деді Скляр журналистерге берген сұхбатында.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев утилизациялық алымның мөлшерін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қарастыратынын жеткізді.
"Қазір утилизациялық алымның мөлшері екі есеге төмендетілді. Егер индустрия және инфрақұрылымды даму министрлігінен басқа ставкалар келетін болса, біз оны қарастыруға дайынбыз" , - деп атап көрсетті Брекешев.
Айта кетері, Қазақстанда утилизациялық алымның мөлшері 50 процентке қысқартылған болатын. Осы шешімге дейін көлік әкелген адамдар да жаңа тарифпен төлей алады.