НҰР-СҰЛТАН, 23 мамыр – Sputnik. "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ басқарушы директоры Ғалымжан Әди 4 проценттік автокредит бойынша рәсімделетін көліктерді сақтандыру ережесінің өзгергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде жеңілдетілген автокредит бойынша рәсімделетін көліктерге міндетті түрде КАСКО сақтандыру жүйесін сатып алу қажет.
Оны бірден төлейді. Мәселен, автокредит жеті жылға алынса, осы уақытқа КАСКО-ны да рәсімдеу керек. Оның шығыны аз емес.
"Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ басқарушы директоры Ғалымжан Әдидің айтуынша, сақтандыру төлемдерін кредитпен бірге бөліп төлеуге рұқсат берілді. "Бас кезінде автокредит жеті жылға берілсе, КАСКО-ны да сол жеті жылға төлесін деген талап болған. Оның құны автокөліктің бағасына қарай 1 миллиондай шығады. Келіссөздердің нәтижесінде КАСКО-ны жеті жылдың ішінде жыл сайын төлеуге мүмкіндік беріліп отыр", - деді Әди орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, КАСКО алып тастауға болмайды. Себебі жол-апатынан көлік жүрмей қалса, шығынды өтеуге мүмкіндік бар.
"Біз оны қосымша құн ретінде қабылдадық. Негізі, ол қосымша құн емес, көлікті сатып алған адамды сақтандырудың бір жолы. Ертең қандай жағдай болатынын ешкім білмейді ғой. Жол-көлік оқиғасы бар, автокөлікті біреу бүлдіріп кетсе, тағы шығын шығады. Ал көлік жүрмей тұрса, кредиттің қарызы жүре береді ғой. Сол кезде КАСКО-ның үлкен көмегі болады", - деп атап көрсетті Әди.