Британ, неміс және америкалық жауапты тұлғалар бүкіл әлемді алдағы ашаршылықпен үрейлендіріп, бар жауапкершілікті Ресейге артып отыр. Ресейлік сарапшылар ұжымдық Батыс мұндай айыптауды жазда мәлімдейді деп болжаған еді. Алайда олар бұл әдіске әлдеқайда ерте кірісті, деп жазды РИА Новости.
Ресейге жалпы қандай айып тағып отыр? Біріншіден, арнайы әскери операция үшін. Себебі бұл операция Украинадағы егін науқанына қауіп төндірді. Екіншіден, кемелердің украин астығын алып шыға алмауына әкеп соққан Азов және Қара теңіз порттарының бұғатталуы.
Бірақ іс жүзінде порттарды украиндер өздері бұғаттады. Украина Қарулы күштері акваторияның барлық аумағын миналап тастады. Дауылдан кейін бұл миналар ашық теңізге қарай жүзіп кетті. Қазір Қара теңіз ағысы оларды қай жаққа жеткізетіні белгісіз. Мұндай жағдайда қандай да бір коммерциялық рейстерді ұйымдастыру өлімге қарай жүзумен тең. Қандай да бір кеме минаға тап болып, жарылса, қайтадан Ресей кінәлі болатыны анық.
"Ал арнайы операцияға келсек, барлық көзделген мақсатқа қол жетсе, операцияның аяқталуын бәрі қалап отыр. Алайда батыстағы серіктестер Украинаға тәулік бойы қару-жарақ жөнелтіп, әскери кеңесшілер жіберіп, украин армиясын соғысуға үйретіп жатса, мұны қалай орындауға болады? АҚШ Киевке соғысу үшін тағы қырық миллиард доллар бөлетінін, ал Владимир Зеленский тағы бір миллион украинді соғысқа жұмылдыратынын мәлімдеді", - деп жазды РИА Новости.
Соңғы аптада Вашингтон украин қоймаларындағы жиырма миллион астықты алып шығудың жолын іздестіріп жатыр. Сонда украиндер немен қоректенеді деген сұрақ туындайды.
Еске салсақ, бүгінде Ресей бидай мен күнбағыс майын жеткізуде әлемдік көшбасшы, қанттың ірі жеткізушісі, сонымен қатар арпа, қара бидай, жүгері және бұршақ дақылдарын экспорттайды. Ресейдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында дәл осы өнімдерді экспорттауға осы жылдың 31 тамызына дейін шектеу қойылды. Бұл шектеулер Батысқа ұнамай тұр. Сондай-ақ АҚШ пен Ұлыбритания, сондай-ақ бүкіл Еуроодақты қамтитын Ресеймен тату емес елдер тізімі де батыстағылардың көңілінен шықпаған секілді.
Вашингтон ауыл шаруашылығы өнімдері мен тыңайтқыштарды санкциялық шектеулерден алып тастағанымен, олардың тапшылығы бәрібір азаймай тұр. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен "Ресей оның агрессиясын сынап жатқан елдерге ауыл шаруашылығы өнімдері мен тыңайтқыштарды экспорттаудан бас тартамын деп сес көрсетуін доғаруы керек" деген мәлімдеме жасады.
"Бірақ бұл елдер жай ғана сынап отырған жоқ. Олар Ресейге тиесілі үш жүз миллиард долларды иемденіп, инвесторлар мен бизнесмендерді Ресейдегі бизнестерін жабуға мәжбүрледі, бүкіл әлемде русофобияны насихаттап, Мәскеумен ынтымақтастық орнатқаны үшін әлем елдеріне санкция қолданамын деп қысым көрсетіп жатыр", - деп жазды РИА Новости.
Батыстағылар Азия мен Африка елдеріндегі болашақтағы ашаршылықты айтудан жалығар емес. Ал шындығында, бұл құрлықтағы ашаршылық америкалық корпорациялар Африкадағы агроөнеркәсіпті жаулап, оны өз басқаруына алғаннан кейін басталды. Дәл осы корпорациялар жергілікті фермерлерді үш есе қымбат астықты сатып алуға мәжбүрледі. Осыдан кейін батыстағылар Ресейдің астық жеткізуін қалпына келтіруін талап етіп отыр.
Бірақ АҚШ пен Канада әлемдегі астықтың төрттен бірін өндіріп отыр. Сондықтан азық-түлік дағдарысы кезінде қатты зардап шегіп отырған мемлекеттерге осы бидайды таратып беруге не кедергі? Күзге әлі ұзақ уақыт бар болса да, Ресей өнімдері қазірдің өзінде әлем нарығында тапшы.
Америкалықтар Мәскеу "азық-түлікті қаруға айналдырды" деп айыптайды. Бұған дейін олар Ресей мұнай мен газды қару ретінде қолданып жатыр деген болатын. Одан соң көмір мен ағашты айтты.
"Ресей келісімшарт бойынша міндеттемелерді әркез адал орындап, батыс контрагенттерін азық-түлікпен қамтамасыз етіп келді. Бірақ олар Ресейге қарсы ауқымды санкциялар енгізіп, Ресей мен Батыс арасындағы қаржы байланысын үзді. Сондықтан қазір Ресей астық пен тыңайтқыш жөнелтсе, оның ақысын ала алмай қалу қаупі бар. Егер қандай да бір мемлекет тиісті қаражатты адал төлегісі келсе, онда Вашингтон ғана қарсы санкция қолдануы мүмкін", - деп жазылған материалда.
Батыс серіктестерінің саясаты азық-түлік нарығындағы жағдайдың соғыс кезіндегідей ушығуына әкелді. Дәнді дақылдар жоғары қарқынмен қымбаттап жатыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші елдер әлемнен шұғыл түрде оқшаулануда. Жақында Үндістан бидай экспортына тыйым салды. Бұл елге санкция енгізілмеген. Үндістан үкіметі нарықтағы дүрбелеңді көріп, кедей халқының қамын ойлап жатыр. Оның үстіне, бұл елде құрғақшылық болды.
Президент Владимир Путин қол қойған Ресеймен тату емес мемлекеттер тізімі елдің болашақ экспорттық саясатының таңдамалы түрде жүретінін аңғартады. Тату елдер тізіміне кіретін Африка, Азия мен Оңтүстік Американың кедей мемлекеттеріне ресейлік өнімді жөнелтуге болады. Ал тату емес елдерге ұзақ уақыт кезек күтуіне тура келеді.