Батыс Қазақстанда көлік билбордқа соғылды: 20 жастағы қыз көз жұмды

Көлік жүргізушісі ауруханада хал үстінде жатыр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 22 мамыр – Sputnik. Toyota Crown автокөлігі билборд тірегіне соғылып, жолаушы қыз көз жұмды, жүргізуші ауыр халде жатыр.
Оқиға Зачаганск елді мекенінде болды, деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. 1993 жылы туған жүргізуші салонда қысылып қалған, оны департамент қызметкерлері шығарып алды.
"Көлікте жүргізушіден басқа 2002 жылы туған қыз болған. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. Бойжеткен есін жимастан қайтыс болды. Аталған факті негізінде "Адам өліміне әкеп соқтырған жол қозғалысы ережесін бұзу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - деді БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
2002 жылы туған қыз ауруханада алған жарақатынан көз жұмды, деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Жүргізуші ауруханаға ауыр халде түсті – жабық бассүйек-ми жарақатын алған, миы шайқалып, бұғана және жамбас сүйектері сынған, деп жазды "Мой город".