НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр – Sputnik. Шымкент қаласындағы жарылыс кезінде перинаталдық орталықта бір нәресте шетінеп кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсынған мәліметке сәйкес, Шымкенттегі облыстық 1 перинаталдық орталық жарылған жеке меншік дәріхананың дәл жанында орналасқан.
"Жарылыс кезінде орталықта 189 пациент және 65 қызметкер болған. Оқиға салдарынан перинаталдық орталықтың 1 қызметкері (күзетші - Sputnik) қаза тауып, 1 нәресте шетінеді. Баланың туғанына 18 тәулік, салмағы 790 грамм болған. Бұдан бөлек, 8 адам жарақат алды",- дейді басқарма мамандары.
Зардап шеккен адамдарды Түркістан облыстық клиникалық ауруханаға, Шымкент қалалық клиникалық ауруханасына, 2 қалалық ауруханаға жеткізді.
"Айта кетейік, жарылыс болған ғимарат "Межбольничная 138 аптека" ЖШС-іне тиесілі. Ғимараттың перинаталдық орталыққа қатысы жоқ", - делінген ресми ақпаратта.
Айта кетері, бүгін Шымкент қаласында аурухананы қажетті препараттармен қамтамасыз ететін дәріханада жарылыс болды. https://t.me/sputnik_aitady/2555
"Межболничная 138 аптека" ЖШС-іне тиесілі ғимараттың жалпы ауданы – 360 шаршы метр. Тілсіз жау 55 шаршы метрге шарпыған. Жарылыстың салдарынан ғимараттың 130 шаршы метрі қирады.
Жақын тұрған бес қабаттың үйдегі пәтердің терезелері мен балконы бұзылды. Сондай-ақ, 7 көлікке зақым келді. Облыстық перинаталдық орталықтан 100-ден астам адам басқа перзентханаға көшірілді.Олардың ішінде жүкті әйелдер, балалар және медицина қызметкерлері бар.
Үйінді арасынан денесі күйген ер адамның мәйіті табылды. Алдын ала мәліметке сәйкес, ол күзетші болып жұмыс істеген. Жарылыс салдарын жоюға ТЖ департаментінің 37 қызметкері мен 9 техника тартылды.