Қоғам

Республикалық референдум: қазақстандықтар 52 елде дауыс бере алады

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі шет мемлекеттердегі сайлау учаскелерінің толық тізімін жариялады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр – Sputnik. Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары Конституцияға түзетулер енгізу жөніндегі республикалық референдумға қатыса алады. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 52 мемлекетте 65 учаскелік комиссия құрылған.
Әлемнің 52 елінде Қазақстанның шетелдегі мекемелері жанынан 65 учаскелік комиссия құрылды. Олардың толық тізімімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.
"Дауыс беруге қатысу үшін белсенді сайлау құқығы бар, тиісті шет мемлекетте тұратын немесе жеке, қызметтік, іскерлік, туристік мақсатпен жүрген және ҚР азаматының жарамды паспорты бар Қазақстан Республикасының азаматтары учаскелік комиссия құрылған Қазақстанның дипломатиялық өкілдігіне жүгіне алады", - деп хабарлады сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Дауыс беру 2022 жылғы 5 маусым күні жергілікті уақытпен сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өткізіледі.
СІМ шетелдегі сайлау процесін уақтылы және толықтай дайындау мақсатында Қазақстан азаматтарынан жақын маңдағы сайлау учаскесіне алдын-ала хабарласып, сайлаушылар тізіміне енгізу үшін мәлімет беруді сұрады.
Конституцияға енгізілетін өзгерістердің жобасы жарияланды
Еске салсақ, президент жарлығына сәйкес биыл 5 маусымда Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жалпыұлттық референдум өтеді.