Экономика

ЕАЭО-да онлайн сатып алуларға арналған баж салығын алып тастады

Еуразиялық экономикалық комиссия 1 мың еуроға дейінгі интернет саудасын баж салығынан босату тауар тапшылығын болдырмау мақсатында азаматтарды қолдау шарасы екенін айтты
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр – Sputnik. Еуразиялық экономикалық комиссия тауар тапшылығын болдырмауға және Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері экономикасының тұрақтылығын арттыруға бағытталған бірқатар шараны қабылдады.
ЕАЭО-ға мүше елдердің азаматтары пайдалана алатын маңызды шаралардың бірі – жеке пайдалану мақсатында шетелдік интернет сауда алаңдарында сатып алынған шетелдік тауарларды баж салығынсыз әкелу шегін арттыру, деді ЕЭК кеден ынтымақтастығы министрі Мақсат Мамытқанов.
"Комиссия кеңесі тауар тапшылығын болдырмау үшін шетелдік интернет-дүкендерде жеке пайдалануға арналған тауарларға тапсырыс берген азаматтарды қолдау қажеттілігі туралы шешім қабылдады. Осы мақсатта жеке тұлғалар үшін тауарларды баж салығынсыз әкелу шегі тауарлар үшін 1000 еуроға дейін көтерілді", - деді министр.
Қазіргі уақытта жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелу үшін баж салығынсыз шек 200 еуроны құрайды. Шекті арттыру уақытша болып табылады және ол 2022 жылдың 1 қазанына дейінгі мерзімге қабылданған.
Егер жеткізілім құны осы сомадан асып кетсе немесе оның салмағы 31 килограмнан жоғары болса, онда тапсырыс құнының 15%-і мөлшерінде, бірақ 1 килограмм үшін 2 еуродан кем емес баж салығын төлеу қажет.
Министр бұл шек азаматтарға да, тасымалдаушыларға да (пошта операторлары мен басқа тасымалдаушылар) қатысты екенін атап өтті.
Мамытқановтың айтуынша, бұл "уақытша жедел" шаралар азаматтардың шетелдік тауарларды кедергісіз және кідіріссіз алуы үшін қабылданған. Министр сондай-ақ одақ елдері ЕАЭО кеңістігінде интернет-сауданы енгізу бойынша пилоттық жобаны сынақтан өткізіп жатқанын еске салды.
"Осы саланы біздің одақта қалай реттеу және бизнестің бұл түрін дамытуды қамтамасыз ету бойынша келіссөз жүріп жатыр. Бүкіл әлем мұнымен айналысып жатыр және біз де артта қалмауымыз керек. Сондықтан қазір біз саланы қазіргі қалыптасқан шынайы жағдайға барынша бейімдеуге тырысып жатырмыз. Біздің одақта 5 ел бар, олардың интернет-сауданы реттеуге қатысты өз көзқарасы, ұстанымы бар. Интернет-сауда бойынша өткен жылдан бастап пилоттық жоба іске қосылды. Әр елде ол өз үлгісі бойынша жүзеге асырылады, әр елдің өз тәжірибесі болады", - деді министр.
Нәтижесінде барлық нәтиже жалпы ЕАЭО аумағында жүзеге асырылатын ортақ тұжырымдамада жинақталатын болады.
"Ең бастысы – біздің бес ел арасындағы интернет-сауданы іске қосу. Өйткені бұл тауарлар айналымына және сауданы ынталандыруға мүмкіндік беретін жеке платформа болып отыр", - деп түйіндеді министр.
Министрмен видеокөпірдің толық нұсқасын мына жерден көре аласыз.