Қоғам

Соғыс жағдайында әрекет ете алатын жауынгерлік бөлімшелер құрылып жатыр – министр

Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесін ескеріп, әскер қолданудың жаңа формалары мен әдістері игерілуде
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр – Sputnik. Қазақстанда соғыс жағдайында да, дағдарыс ахуалында да әрекет етуге қабілетті жауынгерлік бөлімшелер құрылып жатыр. Бұл туралы қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қорғаныс министрлігінің алқа отырысында мәлімдеді.
"Мемлекет басшысы Қарулы күштерді қайта форматтау, олардың жауынгерлік әзірлігі мен жарақтандырылуын арттыру жөнінде тапсырма берді. Осылайша, соғыс жағдайында да, дағдарыс ахуалында да әрекет етуге қабілетті жауынгерлік бөлімшелер құрылуда", – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, есептік кезеңде жауынгерлік даярлықтың қарқыны едәуір артқан. Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесіне қарап, әскер қолданудың жаңа формалары мен әдістері игеріліп жатыр.
Сондай-ақ жиын барысында "Қауіпсіз ел" ұлттық жобасы аясында өткізілетін қару-жарақ пен оқ-дәріні сақтау объектілерін жетілдіру шаралары баяндалды.
Жақсылықов қазіргі жағдайда мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіндегі әскердің рөлі мен алатын орнына назар аудару қажет екенін атап өтті.
Алқа отырысының соңында министр 2022 оқу жылының жазғы кезеңіне арналған міндеттерді айқындады. Соның ішінде әскерлердің далалық дағдысын ұдайы жетілдіру, жауынгерлік даярлық деңгейін көтеру, Қарулы күштердің кадрлық құрамының техникалық жарақтандырылуы мен сапасын арттыруды тапсырды.