НҰР-СҰЛТАН, 18 мамыр – Sputnik. Шымкенттің ауруханасына түскен әйелдің Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырғаны расталды.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, науқас 16 мамыр күні ауруханаға жатқызылған.
Түркістан облысы Бәйдібек ауданының 46 жастағы тұрғыны "асқазан-ішек жолдарынан қан кету" диагнозымен облыстық клиникалық ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жеткізілген. Осы күні науқас Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы қаупі диагнозымен Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды, деп жазды Otyrar.kz.
Бүгінгі күні науқастың жалпы жағдайы интоксикация мен геморрагиялық синдромға байланысты ауыр. Науқас оқшауланып, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды.
Науқаспен қарым-қатынаста болған 15 адам анықталды, оның ішінде 9 адам – медицина қызметкері, барлығы бақылауға алынды.