Оқиға

Щучинск қаласында базар өртеніп, бір адам көз жұмды

Тілсіз жаумен жүзге жуық өрт сөндіруші күресті
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 18 мамыр – Sputnik. Ақмола облысы Бурабай ауданы Щучинск қаласында базар өртеніп, салдарынан бір ер адам қаза болды.
Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің ақпаратынша, 18 мамыр сағат 04.50-де Щучинсктегі "Жомарт" базарының бір қабатты жеке тұрған ғимаратынан өрт шықты. Өртті сөндіруге 97 өрт сөндіруші жіберілді.
"Өрт сөндіру кезінде ер адамның денесі табылды. Алдын ала болжам бойынша ол базардың күзетшісі болуы мүмкін. Қазіргі таңда анықтау жұмыстары жүргізілуде", - делінген хабарламада.
Жалын 1700 шаршы метр аумақты шарпыды. Ал ғимараттың жалпы ауданы 3000 шаршы метрді құрайды. Құтқарушылар 45 минут ішінде өртті оқшаулап, оның таралуына жол бермеді. Осылайша екі сағат ішінде өрт толығымен сөндірілді.
Щучинск базарынан шыққан өрт
Қазір оқиға орнында өрт-техникалық зертханасы, полицейлер жұмыс істеп жатыр. Өрттің шығу себебі анықталуда.
Облыстық ТЖ департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарына өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді. Өрт болған жағдайда дереу 101 нөміріне қоңырау шалу қажет.