НҰР-СҰЛТАН, 18 мамыр – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният түрік инвесторлары салатын фармацевтикалық зауыттарда қандай өнім шығарылатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазақстан президентінің Түркияға жасаған мемлекеттік сапары аясында денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойылған болатын. Осы құжаттың негізінде Kimya Sanayi Ve Ticaret AS және Nobel түрік компаниялары Қазақстанға инвестиция салып, зауыт салуды жоспарлап отыр.
"Мәселен, Atabay Алматыда зауыт салуды көздейді. Жобаның алдын ала құны – 10 миллион доллар. Ол компания Түркцияда және Еуропада кеңінен танымал. Қазіргі кезде олар 20-дан астам дәрілік препаратты тіркеп қойған. Компания қабынуға қарсы дәрілер, антибиотиктер және ауырсынуды басатын препараттарды шығарады", - деді Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ал Nobel компаниясы 50 миллион доллардың зауытын салуға мүдделі. Түрік инвесторы Қазақстанда клиникалық зерттеулер жасап, онкологиялық ауруларды емдейтін дәрі-дәрмекті, сондай-ақ басқа да антибиотиктер мен қабынуға қарсы препараттарды шығармақшы.