Елорда тынысы

Наразылық білдірген тұрғындар Нұр-Сұлтан маңында тасжолды жауып тастады

Пәтерлерінде жарық пен су жоқтығына байланысты жолды жапқан әйелдерге айыппұл салынады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 18 мамыр – Sputnik. Нұр-Сұлтанға жақын маңда орналасқан Учхоз шағын ауданының тұрғындары өздерінде туындаған мәселеге назар аударту мақсатында Қарағанды тасжолына шығып, көлік қозғалысына кедергі келтіруге тырысты.
Оқиға орнында түсірілген видео Abzhannews паблигінде жарияланды. Адамдар жарық пен судың жоқтығына қатысты наразылық білдіргені айтылған.
Sputnik Қазақстан тілшісіне Нұр-Сұлтан полиция департаментінде хабарлағандай, 17 мамыр сағат 21:02-де "102" нөміріне "Искандер" тұрғын үй кешенінің тұрғындары Учхоз шағын ауданында Нұр-Сұлтан – Қарағанды тасжолын жауып тастағаны туралы хабарлама келіп түсті. Полиция қызметкерлері жедел оқиға орнына жеткен.
"Армандастар көшесінің бойында жол жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде сағат 15:00-де орталық электр сымына зақым келтірілгені анықталды. Осыған наразы аудан тұрғындары жол ортасына шығып, көлік қозғалысына кедергі келтірген. Сағат 22:4-та ақау жөнделіп, тұрғын үй кешеніне жарық берілді", - деп хабарлады полицияда.
Ведомствода атап өткендей, жолды жауып, осы әрекетімен көлік қозғалысына кедергі келтірген азаматтарға 3 АЕК (9 189 теңге) көлемінде айыппұл салынды.