Министрлік халықты медициналық сақтандыру жүйесіне тартудың тың жолын тапты

Медициналық сақтандыру қорына ақша аудармай жүрген адамдарға жүйеге оңай қосылуға жағдай жасалады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 18 мамыр – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық сақтандыру қорына ақша аудармай жүрген қазақстандықтарды осы жүйеге тартудың тың жолын тапты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр Ажар Ғинияттың айтуынша, қазіргі кезде 3 миллионнан астам қазақстандық медициналық сақтандыру жүйесіне қатыспайды. Оларға жедел жәрдем келеді, бірақ қорға ақша аударылмай жатқаннан кейін кейбір медициналық қызметтен қағылуы мүмкін. Алдағы уақытта осы санаттағы адамдарға сақтандыру жүйесіне оңай қосылуға жағдай жасалады.
"Қазіргі кезде біз заңға жаңа норманы енгізіп жатырмыз. Оған сәйкес, өткен 12 ай үшін емес, алдағы 12 ай үшін жарна жасауға мүмкіндік беріледі. Осылшай, ол адамдар бір жыл бойы қажетті, соның ішінде қымбат медициналық көмекті ала алады", - деді Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Министрлік осы бастаманың арқасында медициналық сақтандыру жүйесіне қатыспай жүрген қазақстандықтардың 40 процентін тартуды жоспарлап отыр.
Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде медициналық сақтандыру қорына жыл сайын 600-700 миллиард теңге түседі.
Медициналық сақтандыру қоры есебінен емдеу тәртібіне өзгеріс енгізіледі