Бүгін Финляндия мен Швеция бірлесіп НАТО-ға кіруге ресми өтініш жолдады. Ал бірнеше күн бұрын Ресей президенті Владимир Путин фин әріптесі мен бүкіл Батыс әлемін осы шешімге қатысты өте салмақты жауабымен таңғалдырды, деп жазды РИА Новости.
Финляндия мен Швеция бұл жолы Вашингтон немесе Брюссельдің емес, Анкараның оң көзқарасына ие болуға барынша тырысуға мәжбүр.
Түркияның наразылық танытуының себебі белгілі: Швеция мен Финляндия көп жылдан бері күрдтерді қолдау бойынша бірізді саясат жүргізіп келеді. Екі мемлекет те күрд белсенділеріне саяси пана ұсынып келді. Швед парламентінде тіпті күрд депутат бар. Сонымен қатар бұл елдерде 2016 жылы мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырды деген күдікке ілінген Фетхуллах Гюлен жақтаушыларын біріктіретін ФЕТО партиясының мүшелері де пана тапты.
Анкара Күрдістан жұмысшылар партиясының мүшелерін де, гюленшілерді де террорист деп қарастырады. Түрік БАҚ-тарының мәліметі бойынша, Стокгольм мен Хельсинки Күрдістан жұмысшылар партиясы мен ФЕТО-ға мүше 33 адамды түріктерге тапсырудан бас тартты. Экстрадациялау туралы өтінімдердің бір бөлігі кері қайтарылса, бір бөлігі тіпті қарастырылмады да.
Осы жағдайдың барлығы өз еліне тікелей қатысты болғандықтан, Ердоған бұл жолы да үнсіз қалған жоқ. Ол Швецияны "терроризм ошағы" деп атап, Түркия бұл екі мемлекеттің НАТО-ға мүше болуы туралы шешімді қолдап дауыс бере алмайтынын мәлімдеді де, бұған ренжімеуді сұрады. Сондай-ақ, Ердоған Стокгольм мен Хельсинкидің "терроризмге қарсы мәлімдемелеріне" сенбейтінін ашық айтты. Ол екі елдің осы мәселеге қатысты түріктермен келіссөз жүргізуі керек өкілдеріне "бекер әрекеттенбеуге" кеңес берді.
Кейбіреулер Ердоған бұл жағдайды сес көрсетіп, саудаласудың мүмкіндігін пайдаланып отырғанын және қайткен күнде де Вашингтон НАТО қатарын толықтыруға Түркияның келісімін алатынын айтуы мүмкін.
"Бірақ, біріншіден, реейлік С-400 кешендеріне қатысты Батыс әлі күнге дейін түріктерді өз позициясын өзгертуге мәжбүрлей алмады. Ол үшін Батыс күні бүгінге дейін аз күш салған жоқ. Екіншіден, мәселе түріктерді көндіріп, Солтүстікатлантикалық альянсты кеңейте алуда емес. Мәселе жалпы осы туындаған жағдайда болып отыр", - деп жазылған РИА Новости материалында.
Мақала авторының пікірінше, америкалықтар мен еуропалықтар бүкіл әлемге Ресейге қарсы күрес жүргізуде күш біріктіргенін көрсеткісі келген шақта, Анкара өз ұстанымы мен ой-пікірі бар екенін және оның позициясымен санасу қажет екенін айшықтай түсті.
Мұны ұсақ-түйек келіспеушілік деп бағалауға болмайды. Себебі, Түркия көп жылдан бері Ресей, Қытай, Үндістан және ғаламшардағы ондаған мемлекетттің логикасы бойынша әрекет етіп жатыр: ол өз егемендігі мен ұлттық мүддесін жоғары қойып, осы әрекеті арқылы батыс идеясына шоғырланған жүйені және АҚШ үстемдігін шайқалтып отыр.
Швеция мен Финляндияның НАТО-ға мүше болу туралы шешімі Еуропаның әлсіреуіне себеп болуы ықтимал. Себебі, туындаған өте көп геосаяси шиеленіс кезінде бейтараптылық ұстанып келген қос мемлекет жүйесі құрдымға кеткен тарапты таңдап отыр.
"Егер Стокгольм мен Хельсинки ғасыр соңында Солтүстікатлантикалық альянсқа мүше болу туралы шешім қабылдаса, бұл олардың қырғи-қабақ соғыс жеңімпазына, жаһандық үстемдік етушіге қосылғанын аңғартар еді. Бірақ шведтер мен финдер аталған жүйе құлдырап жатқан шақта альянсқа кіруді жөн көріп отыр. Бұл өзін-өзі жоюға қарай қадам басумен тең", - деп жазды РИА Новости.