Қоғам

Әйелдерге арналған вагондар жобасы: ер адамдар шағымданып жатыр

2021 жылы Қазақстанда әйелдерге арналған вагондар жобасы қолға алынған болатын. Қазіргі кезде мұндай пойыздар бес бағытта қатынайды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 18 мамыр – Sputnik. Қазақстанда әйелдерді бөлек вагонға жайғастыру жобасы қолға алынғаннан кейін ер адамдар "Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясына арыз жаза бастады. Бұл туралы компанияның бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жөніндегі департамент директоры Қайсар Жұмабайұлы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
2018 жылы "Тальго" пойызында болған әйелді зорлау оқиғасынан кейін халық арасында әйелдерге арналған купелерді енгізу бастамасы көтерілді. 2021 жылы әйелдерге арналған вагондар жобасы қолға алынды.

"Өкінішке қарай, ер адамдардың арасында мұндай вагондар құқығымызды шектейді деп арызданғандар да табылды. Әйелдер осы бастаманы қызу қолдады. Ерлер бірінші болып қолдауы керек қой", - дейді Жұмабайұлы.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа бастаманы дінмен байланыстырған ер адамдар да бар. Бірақ ондай норманың дінге ешбір қатысы жоқ. Бұл – тек қауіпсіздік мәселесі. Қазіргі кезде әйелдерге арналған вагондар бес бағытта қатынайды. Олар:
Алматы - Маңғыстау;
Алматы - Өскемен;
Алматы - Ақтөбе;
Нұр-Сұлтан - Шымкент;
Алматы - Маңғыстау.
Алдағы уақытта ұлттық компания талдау жұмыстарын өткізіп, қажет болған жағдайда әйелдерге арналған вагондарды арттыруды қарастырып отыр. Ортақ және әйелдер вагондарының бағасы бірдей.
Алайда жолаушылар тасымалына жоғары сұраныс болғанда, мәселен, жазғы уақытта мқндай вагондарды ұйымдастыру қиынға соғады.