НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр — Sputnik. Жоспардан тыс тексеру кезінде Степногор ЖЭО-да 2020-2021 жылдары күрделі жөндеу жұмысы толық жүргізілмегені белгілі болды.
Жылу орталығының басшылығы пандемия кезінде материалдар уақытылы жеткізілмеді деп отыр.
Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл 2021 жылы технологиялық олқылықтың артуына алып келді. Энергетикалық жабдықты пайдалануға және техникалық жай-күйіне қойылатын талаптың сақталуын анықтау үшін жоспардан тыс тексеруді Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша аумақтық департаменті жүргізді.
Тексеру қорытындысы бойынша "Степногор ЖЭО" ЖШС анықталған олқылықтарды жою туралы нұсқама берді. Оның орындалуы аумақтық департаменттің тұрақты бақылауында.