НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр – Sputnik. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров референдумда дауыс беру және қорытындысын шығару тәртібін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заң бойынша дауыс беру үшін барлық жағдай жасалуы шарт. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар да кабинаға емін-еркін кіруі керек. Осыған байланысты барлық учаскелік комиссия бірінші қабатта орналасады. Ал қажетті ақпаратты алу үшін компютерлер, құлаққаптар, тіпті, лупа да болуы қажет.
"Дауыс беру учаскесінде тізім бойынша әрбір адамға бір бюллетень беріледі. Сол жерде қол қойылады. Комиссия төрағасы мен хатшысы бюллетеньді бере алмайды. Оны комиссия мүшелері жасайды. Бюллетень алған адам кабинаға барып, дауыс береді. Жауаптың нұсқасына қарама-қарсы тұрған квадратта кез келген белгіні қоюға болады. Қарындашпен белгі қойылмайды, сондай-ақ қандай да бір түзету енгізуге болмайды. Әрбір адам өзі үшін дауыс береді. Оның орнына басқа біреу белгі қоя алмайды", - деді Петров комиссияның бүгінгі отырысында.
Егер дауыс беретін адам денсаулығына және басқа да жағдайларға байланысты келе алмаса, референдумға дейін 12 сағат бұрын жазбаша өтініш жібере алады. Соның негізінде комиссия мүшелері оның үйіне өздері барады.
Дауыс беру учаскесінде әрбір қоғамдық ұйымнан бір адам бақылаушы ретінде отыра алады. Ал бір бұқаралық ақпарат құралынан екі журналист және бір оператор жіберіледі. Заң бойынша халықаралық байқаушыларға қатысуға рұқсат берілген. Олар бюллетеньдерді санауды да бақылай алады.
"Дауыс беру аяқталғаннан кейін алдымен бюллетень алған адамдар есептеледі. Содан соң пайдаланбаған бюллетендерді санау және жою жұмысы атқарылады. Содан кейін ғана көшпелі жәшіктер мен учаскеде тұрған жәшіктер ашылады. Дауысты санау кезінде комиссия мүшесі әрбір бюллетеньді ашып, адамның таңдауын ашық айтады. Сосын бөлек бумаға қояды. Дауыс санаудың нәтижесі бойынша хаттама рәсімделеді. Оны міндетті түрде бәрі таныса алатын жерге іліп қояды", - деп атап түсіндірді комиссия төрағасының орынбасары.
Заң бойынша дауыс санауға 12 сағат беріледі. Ал референдумның нәтижесі ресми түрде жарияланған сәттен бастап Конституцияға өзгеріс енгізіледі. Ол үшін арнайы заң немесе жарлық қабылдаудың қажеті жоқ.