НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр – Sputnik. 1 мамырдағы жағдай бойынша қазақстандықтарға 939,3 миллиард теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді. 2022 жылғы сәуірде республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 234,4 миллиард теңгеден астам, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 71,3 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 163,1 миллиард теңге бөлінді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 миллион 245 мыңнан асты.
"1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) 105 193 теңге болды", - делінген хабарламада.
Зейнетақы қалай тағайындалады
2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі әр алушының зейнетақы жүйесіндегі өтілі ескеріле отырып, жеке тағайындалып келеді.
Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ін құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ке артады. Мысалы, егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ін, ал 30 жыл болса, онда 94%-ін құрайды. Еңбек өтілі 33 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде белгіленеді.
Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.
Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.
Ал азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.