НҰР-СҰЛТАН, 16 мамыр – Sputnik. Нұр-Сұлтанда сегізінші қабаттан құлап кете жаздаған кішкентай бүлдіршіннің анасы Еуразия бірінші арнасына сұхбат беріп, ол күні қайда болғанын және қыздың терезеге қалай шыққанын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Үш жасар қыздың анасы өз аты-жөнін айтпауды өтінген, бет-жүзін де көрсетпеді. Оның айтуынша, қызын жалғыз өзі асырап отыр, баласының әкесінен алимент алмайды. Басқа балалардан қалмасын деп, екі жұмысты қатар алып жүруге мәжбүр.
"Балам балабақшаға бармайды. Мен оны жұмысқа өзіммен бірге алып барамын. Балабақшаға берейін десем, бәрі қымбат. 70-100 мың. Дотациямен берейін десем, кезегі жеткенше баламның мектепке баратын уақыты болып қалады", - дейді ол.
Сол күні алыс жолдан келген. Баласын бауырына қалдырып кетіпті. Бірақ оны да жұмысқа шақырып алған. Бала бірнеше минутқа қараусыз қалып қойған.
"Бір-екі сағат болса да, ұйықтасын деп, ұйқысын қимай, үйге бірінше рет тастап кеткен едім. Жұмысым жақын болғасын, барамын да, келемін деп ойладым ғой... Мен келгенде адамдар шулап жатты, полицейлер жүр. Не болды десем, сегізінші қабатта бір қыз... Қыз дегесін, өз қызым есіме түсіп, өліп қалды деп ойладым. Ары қарай не болғаны есімде жоқ", - дейді жалғызбасты ана.
Ол қызын қолына алғасын есін жиған.
"Қызым оянып, мені іздеген. Сөйтіп, терезені ашқан. Әйтпесе, мен үйден кетерде бүкіл терезені жауып кеткенмін. Тіпті, орындықтарды да балконға кіргізіп кеттім", - дейді ол.
Бірақ қыз терезенің түбіне ойыншықтар мен жастықтарды үйіп, үстіне шыққан.
Қыздың анасы баласын құтқарған жігіттерге алғысын жеткізді.
Еске сала кетейік, сегізінші қабаттың терезесінен құлағалы тұрған қызды Сәбит Шонтақбаев пен оның досы Сағи Жылқышиев құтқарып қалды.