Оқиға

Қарағанды облысында екі жігіт пен бір жасөспірім суға батып кетті

Төтенше жағдайлар қызметкерлері суға түсу маусымы әлі басталмағанын ескертеді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 16 мамыр – Sputnik. Қарағанды облысында екі жігіп пен бір жасөспірім суға батып кетті, деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
"14 мамыр күні сағат 12:00-де Ақтоғай ауданы, Қошқар ауылынан оңтүстікке қарай 3 шақырым жерде орналасқан Қусақ ауылдық округінде 2001 жылы туған жас жігіт мен 2007 жылы туған жасөспірім із-түссіз жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Іздестіру жұмыстарын ТЖ, полиция департаменттері, жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті тұрғындар жүргізді", - делінген хабарламада.
Іздестіру жұмыстарына барлығы 84 адам, 2 құтқарушы, 29 техника мен 2 қайық жұмылдырылды.
Сағат 12:35-те жергілікті тұрғындар өзеннен 2001 жылы туған марқұмның денесін тапты. Екінші марқұмды құтқарушылар сағат 17:55-те Қусақ өзенінен 6 метр тереңдіктен тапты.
Тағы бір жағдай Жезқазған өңірінің Кеңгір су қоймасында болды. Су қоймасынан 2003 жылғы жігіттің мәйіті табылды.
Төтенше жағдайлар қызметкерлері суға түсу маусымы әлі басталмағанын ескертеді.