НҰР-СҰЛТАН, 16 мамыр – Sputnik. Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева көлікке брондау тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде автосалонда қажетті модель болмаса, алдын ала тапсырыс беру қызметі қарастырылған. Ол үшін келісімшарт жасалады.
"Әрбір автосалонда нақты ереже бар. Мысалы, көлікке брондауға болады. Оны алғысы келетін адам тапсырыс беріп, құжатқа қол қояды. Одан кейін автосалон менеджері мәліметті әрбір көлік өндірушінің ішкі жүйесіне енгізеді. Сонда зауыт нақты қандай модельді және қай қалаға жеткізу керектігін біліп отырады. Бұл жүйенің электронды кезегі бар, яғни, брондаған адамдарға көлік кезекпен жеткізіледі", - деді Мақашева Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, көлікке алдын ала келісімшарт немесе сату-сатып алу шарты рәсімделеді. Тапсырысты екі-екі жарым айдай күтуге тура келеді.
"Ал көлік автосалонға келгенннен кейін VIN-коды көрсетілген шот-фактура алып, банкке апару керек. Банктің оң шешімі шыққан бойда көлікті алып кетуге болады", - деп атап көрсетті Мақашева.
Автосалон қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде кейбір модельдер тапшы. Себебі халық тарапынан сұраныс жоғары. Мәселен, Kia Rio-ны автокредитке алғысы келетіндер көп, қолма-қол ақшаға сатып алатындар да аз емес. Сондықтан сұрынысты толығымен қамтамасыз ету мүмкін емес. Ал басқа модельдер жеткілікті.
Айта кетері, бүгін Қазақстанда жеңілдетілген автокредит бағдарламасы басталды. "Жасыл даму" АҚ-сының 100 миллиард теңгесі барлық банкке таратылған жоқ. Бүгін түстен кейін Банк ЦентрКредит өтініш қабылдауды бастайды делінген. Кейін оған Halyk bank, Forte bank және Еуразиялық банк қосылады.