Түстен кейін бір ғана банк құжат қарастыруға кірісті, қалған үш банк ақшаны алғаннан кейін ғана кредит бере бастайды. Sputnik Қазақстан тілшілері автосалондарды аралап, ескі және жаңа бағдарламаның негізгі айырмашылығын біліп қайтты.
Вице-премьер Роман Скляр автокредит бағдарламасы 16 мамырдан бастап іске қосылатынын айтқаннан кейін халық автосалондарға лап берді. Алайда бүгін автосалондағы банктер өтінім қабылдамады. Кредитке қажетті шот-фактура да берілген жоқ. Автосалон мамандары келгендердің аты-жөнін жазып алды да, "Артынан кезек бойынша хабарласамыз" деп, халықты жылы сөзбен шығарып салды. Бірақ өтінімді неге қабылдамағанын түсіндірген жоқ.
Сөйтсе, бағдарламаның негізгі операторы – "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ ақшаны таратып үлгермеген. Оны қор басшылығы да мойындап отыр.
"Иә, бізде корпоративтік рәсімдер сәл ұзарып кетті. Содан ақшаны бүгін ғана таратуды бастадық", - дейді басқарма төрағасының орынбасары Ринат Ғаппаров.
Бүгін түстен кейін Банк ЦентрКредит өтінім қабылдауға кірісті. Артынан бағдарламаға тағы үш – Halyk bank, Forte bank және Еуразиялық банк қосылады.
Бірақ халық тағы бір нәрсені түсінбей жатыр. Бұрынғы бағдарлама бойынша кезекте тұрғандарға SMS-хабарлама келе бастады. Оған сәйкес, мамырдың аяғына дейін шот-фактураны алып келу керек. Онсыз кезектен шығарып тастайды. Сосын 20 проценттік алғашқы жарнаны төлеу міндеті бар. Ал жаңа бағдарламада алғашқы жарнаны алып тастаған.
"Маған Халық банктен SMS келді. Мен бұған дейінгі жеңілдетілген автокредит бағдарламасының қатысушысымын. SMS-та 26 мамырға дейін анықтаманы тапсырып, банктің мақұлдауын алу керек деп жазылған. Енді, адамдар автосалонға келеді, бірақ анықтама бермейді. Көлік жоқ дейді. Ал кезекке тұрсақ, екі ай күту керек. Бірақ мен екі ай күтсем, банкте мені кезектен автоматты түрде шығарып тастайды. Ол жақта 26 мамырға дейін ғана күтеді ғой", - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны.
Ал Өнеркәсіпті дамыту қоры екі бағдарламаны шатастырмауды сұрап отыр. Бұрынғы кезекте тұрғандар жаңа бағдарламаға да қатыса алады.
"Бұған дейін банктерде болған бағдарлама – бөлек бағдарлама, ал бүгін Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы басталған бағдарлама өз бетінше басқа бағдарлама. Бір-бірімен байланысы жоқ. Анау және мынау бағдарлама бойынша көлік рәсімдеуге болады. Ешқандай шектеу жоқ. Бірақ біздің бағдарламамыз бойынша кредит алынса, екінші кредит тек екі жылдан кейін ғана беріледі. Екі бөлек бағдарлама болған соң, кезегі де екі бөлек. Екі кезекте де тұруға болады", - деп түсінді Ғаппаров астанада өткен брифингте.
Жаңа бағдарламаның басты ерекшелігі сол, автосалонда көлік болған жағдайда ғана кезекке қояды. Ол үшін банкке VIN-коды жазылған төлем шотын апару керек. Ал бұрын автосалонда көлік болмаса да, кезекке қоя беретін.