Шымкентте тергеу абақтысынан күдікті қашып кетті: жиырмаға тарта қызметкер жазаланды

Ірі көлемде ұрлық жасады деп айыпталған ер адам тергеу изоляторынан еш кедергісіз қашып кеткен
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 15 мамыр – Sputnik. Күдіктінің тергеу изоляторынан қашып кеткені үшін Шымкент қалалық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің 17 қызметкері жазаланды. Тағы біреуі ішкі істер органдарынан босатылды.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды. Роликте ұрлық жасады (Қылмыстық кодекстің 188-бабының 4-бөлігі) деп айыпталған ер адам уақытша ұстау изоляторынан еш кедергісіз шығып кеткен. Ол алдымен автотұрақ жаққа барған, кейін белгісіз бағытта ізін жасырған.
"Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД қызметтік тексеріс жүргізді, қызметтік міндетін дұрыс атқармаған 17 қызметкерге қатаң тәртіптік жаза қолданылып, бір қызметкер ішкі істер органдарынан қызметінен босатылды", - деп хабарлады Шымкент ҚАЖД баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, айыпталушы Шымкенттегі тергеу изоляторынан 11 мамырда қашып кеткен. Келесі күні ол қала аумағында ұсталды. Оған аса ірі көлемде ұрлық жасады және тергеу мекемесінен қашып кетті деген айып тағылып отыр.