ПАВЛОДАР, 15 мамыр – Sputnik. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Павлодарға сапары кезінде белгілі баянауылдық ғалымның мерейтойын тойлау кезінде болған қызықты оқиғаны айтып берді.
Баянауыл өңірінен Бұқар жырау, Малайсары батыр, Жаяу Мұса, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қаныш Сәтбаев, Шәкен Айманов, Олжас Сүлейменов және тағы басқа танымал тұлғалар шыққан. Солардың бірінің мерейтойында болған қызықты оқиғаны Марат Ахметжанов баяндап берді.
"2004 жылы көрнекті жерлесіміз Әлкей Марғұланның жүз жылдығын тойлауға сол кездегі мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев пен сенат спикері Оралбай Әбдікәрімов келді. Салтанатты шара Баянауылда өтті. Біз облыс басшылығымен бірге жүрдік, сол жерде ат тізгінін ұстап жүрген кішкентай балалар: "Ата, мініңіз, серуендеп келіңіз!, – деді. Облыс басшыларының бірі: "Бұл жерден балаларды алып кетіңдер! Олар мұнда не істеп жүр?!" деп айқайлады. Әбіш Кекілбаев оған ашулана қарап, өте қатқыл үнмен: "Тыңда, қарағым! Баянауылда аяғыңның астында жатқан тасты тебуге болмайды. Майқайың алтыны болып шығуы мүмкін. Баянауылда тақия киген кез келген балаға иіліп сәлем беру керек. Ол болашақ академик шығар. Мүмкін халық әртісі болар. Содан кейін маған қарап: "ең нашары генерал болады..." деді".
Залдағылар министрдің әңгімесіне күліп, қошемет көрсетті.