Алматы тұрғыны зейнеткерлерді тонаумен айналысқан

38 жастағы алматылық отыздан астам егде жастағы әйелді тонап кеткен
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 15 мамыр — Sputnik. Алматыдағы Алмалы ауданының полиция қызметкерлері егде жастағы әйелдердің сеніміне кіріп, 30-дан астам ұрлық жасаған 338 жастағы қала тұрғынын қолға түсірді. Қаскөй негізінен жәбірленушілердің ақшасы мен ұялы телефонын қолды еткен.
Полиция анықтағандай, ұсталған азамат ұзақ уақыт бойы Алматының Әуезов, Бостандық және Медеу аудандарында арам ойын іске асырған.
"Ол қоғамдық орындарда, яғни базарлар мен тұрғын үйлердің аулаларында зейнет жасындағы адамдарды іздестірген. Қолында ауыр сөмкесі бар қарияларды аңдып тұрған. Тәрбиелі әрі тәртіпті адамның кейпіне еніп, әже-апалармен тілдесіп, сөмкелерін пәтерге дейін жеткізіп беруді ұсынған. Қариялар бұл ұсынысқа келісіп, одан соң ақшалары, әмияндары немесе ұялы телефондары жоғалғанын анықтаған", - деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аудандық полиция басшысы Есен Ысқақовтың айтуынша, күдікті бұған дейін де полицияның назарына іліккен. Ол ұрлық қана емес, басқа да мүліктік қылмысқа байланысты жауапқа тартылған.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодекснің 188-бабы – "Ұрлық" бойынша тергеу басталды. Ол бес жылдан он жылға дейін абақтыға жабылуы мүмкін.