НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Есірткі дайындаумен айналысқан топтың мүшелері синтетикалық есірткіні аса ірі көлемде таратқаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Polisia.kz.
Өткен жылдың 10 қазанында күндізгі сағат үште Қарағанды қаласының Амангелді көшесінде полиция қызметкерлері есірткінің ірі партиясын тығып жатқан жас жігітті ұстады. Оның жасырын зертханасын тінту кезінде 5,7 килограмм “альфа PVP” синтетикалық есірткі мен оны дайындауға қажетті құрал-жабдық тәркіленді.
Бұл қолға түсіру Қазақстанның үш өңірінде – Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстарында есірткіні синтездеу және таратумен айналысқан қылмыстық топтың ізіне түсудің бастамасы болды.
Топтың келесі мүшесі Павлодарда ұсталды. Ол өндіріспен өз үйінде айналысқан. Полиция қызметкерлері 175 грамм "синтетика" тәркіледі.
Осыдан кейін ұйымдасқан қылмыстық топтың қалған мүшелері ұсталып, олардан жалпы салмағы 12 килограмға жуық есірткі заты табылды.
Олардың қылмыстық әрекетінің ауқымын түсіну үшін тәркіленген синтетикалық есірткінің аса ірі көлемі 1 грамнан басталатынын атап өту керек. Қылмыстық топ құрамында алты адам болған. Олардың бесеуі есірткі дайындаумен айналысса, біреуі тасымалдау және жасырумен айналысқан.
Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері Қарағанды, Павлодар қалаларында және Ақмола облысының Аршалы ауылында есірткі зертханаларын құрған. Өндірістің соңғы сатысына дайындалған психоактивті заттың ерітінділері, есірткінің дайын партиялары қаладан қалаға такси жүргізушілері арқылы алкоголь бөтелкелерінде, сыйға арналған қораптарда, май радиаторларында, өрт сөндіргіштерде жөнелтілген.
Олар есірткіні тіпті машинаның жанармай құятын багына да жасырған. Қылмыскерлердің бірі шарап түрінде жіберілген 36 бөтелке мефедрон ерітіндісін алмақ болған кезде логистикалық компанияның кеңсесінде ұсталды.
Синтетика өндіру және сату үшін төлемдер биткоиндермен жүргізілді. Интернет-қосымшалар арқылы олар электронды валютаны теңгеге айырбастап, банктік қосымшалар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған.
Тергеу бір жылдан астам уақытқа созылды, 2022 жылдың наурызында сот отырысы өтті. Сот талқылауында айыпталушылар жазаны жеңілдетуге тырысып, өз кінәларын мойындамады. Олар алдын ала тергеу кезінде берген жауаптарынан бас тартып, ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа мүшелерін танымайтынын айтып, есірткі жасыру орындарын білмейтінін, бір-бірімен хат алмаспағанын алға тартты.
Сотталушылардың бірі полиция қызметкерлеріне есікті ашпай, ішінде айғақ бар телефонын терезеден лақтырып жіберген. Дегенмен, куәгерлердің жауаптары, барлық тергеу әрекетінің бейнежазбалары және жүргізілген сараптама нәтижелері айыпталушылардың кінәсін толық дәлелдеуге мүмкіндік берді. Олардың тұрақты қылмыстық топ құрғаны дәлелденіп, бұл жауапкершілікті ауырлататын жағдай ретінде қаралды.
Сот тергеуінің қорытындысы бойынша, айыпталушылардың екеуі 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық топтың қалған мүшелерінің мүлкі тәркіленіп, 10 жылға сотталды. Олар қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде жазасын өтейді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.