НҰР-СҰЛТАН, 13 мамыр – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды, онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен және бірқатар өнеркәсіптік, инфрақұрылымдық және туристік нысандардың жұмысымен танысты.
Премьер-министр жұмыс сапары барысында Каспий теңізінің шығыс жағалауында бірнеше халықаралық көлік дәліздерінің қиылысу нүктесінде орналасқан Ақтау теңіз сауда портына барды.
Портта шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке және кері қарай Иран, Түркия, Ресей және Әзербайжан бағытында жүк тасымалданады. Бұл – Каспийдегі ең ірі көлік торабы.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақтау портының базасында кемінде 19 га алаңда контейнерлік хаб салу жоспарда бар.
Құрғақ жүк айлақтарының қуатын ұлғайтуды көздейтін жобаға көптеген шетелдік компаниялар қызығушылық танытып отыр, бұл теңіз портының контейнерлік парк пен сервистің ірі торабына айналуына жол ашады.
"Маңғыстау облысының халықаралық маңызы бар, ауқымды көлік-логистикалық және инфрақұрылымдық-сервистік әлеуеті зор. Алайда еліміздің теңіз порттарының мүмкіндіктері толық пайдаланылмайды, ал жүктеме орта есеппен 21%-ті ғана құрайды. Бұл жағдайды өзгерту қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі “Қазақстан темір жолы” АҚ-мен бірлесіп, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша экспорттық жүктерді бағыттау арқылы Ақтау және Құрық теңіз порттарының жүктемесін ұлғайту мәселесін пысықтауы қажет", — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы өңір тұрғындарын сумен жабдықтайтын маңызды көздердің бірі "Каспий" тұщыландыру зауытына барды.
Зауыт теңіз суын тұщыландыру үшін кері осмос технологиясын – "Байқоңыр" ғарыш айлағының алаңдары мен орбиталық ғарыш станцияларында қолданылатын экологиялық ең таза әдісті қолданады. Қондырғыда су табиғи тұздар мен минералдарды сақтай отырып, радиоактивті бөлшектерден, бактериялардан, вирустардан және басқа да қоспалардан тазартылады.
Бүгінгі таңда зауытта кеңейту жобасы аясында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр, бұл тәулігіне судың өнімділігін 40 мың текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жұмыстарды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
"Сумен жабдықтау – аймақ үшін, әсіресе жазғы кезеңде, ең өзекті мәселелердің бірі. Жылдан жылға тұщытқыш қондырғылар қуатының жетіспеушілігі сезіледі. Осыған байланысты Үкімет зауыттың өнімділігін екі есе арттыру үшін оны жаңғыртуға 12 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Бұл мәселе Мемлекет басшысының бақылауына алынған. Барлық жұмысты сапалы әрі уақытында жүргізу қажет", — деді Премьер-Министр.