НҰР-СҰЛТАН, 13 мамыр – Sputnik. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері өсті, деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
"2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) еңбек ету қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер мөлшері 5%-ке, 2022 жылғы 1 сәуірден бастап қосымша 4%-ке өсті. Төлемдердің жиынтық мөлшері өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 9%-ке артты", - делінген хабарламада.
Төлемдерді әлеуметтік сақтандыру жүйесінің жұмыс істейтін қатысушылары базалық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға қосымша алады.
Мәселен, МӘСҚ-дан еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді 81,6 мың адам алады. Егер мүгедектігі бойынша бюджеттен төленетін жәрдемақылардың орташа мөлшері 54 608 теңге болса, онда МӘСҚ төлемдерін ескере отырып, азаматтар барлығы 84 353 теңге алады.
МӘСҚ-дан асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді 54,2 мың адам алады. Егер асыраушысынан айырылу бойынша бюджеттен төленетін жәрдемақылардың орташа мөлшері 45 627 теңге болса, онда МӘСҚ төлемдерін ескере отырып, азаматтар барлығы 76 443 теңге алады.
Осылайша, жұмыс істейтін азаматтарға төленетін төлемдердің орташа мөлшері әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын алушыларға төленетін төлемдерге қарағанда шамамен 30 мың теңге жоғары.
МӘСҚ-дан жоғары мөлшердегі әлеуметтік төлемдер сәуір және мамыр айларындағы қосымша ақыны ескере отырып, осы жылдың маусым айында аударылады.