НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр – Sputnik. Алматы қаласында екінші фармацевтика зауыты салынады. Құрылысқа түрік инвесторлары қаржы құяды.
Қазақстандық делегацияның Түркияға сапары аясында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Nobel Ilac фармацевтика компаниясының басшысы Хасан Улусоймен жобаларды бірлесіп іске асыру мәселелерін талқылады.
"Бүгін Алматы қаласында екінші фармацевтика зауытын салу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуы – денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жандандыру, сондай-ақ серіктестік қарым-қатынастарымыздың табысты көрсеткіші", - деді Ажар Ғиният кездесу барысында.
Министр биыл фармацевтика өнімдерін шығаратын "Нобел АФФ" АҚ бірлескен қазақстандық зауытының құрылғанына тура 20 жыл толатынын еске салды.
"Nobel Ilac компаниясы қолданыстағы өндірісті жаңғыртуға және кеңейтуге, сондай-ақ Алматы қаласында саше формасындағы препараттар мен жоғары технологиялық биосимилярлар өндірісі жолға қойылатын екінші фармацевтика зауытын салуға қосымша 55 млн доллар инвестициялауды жоспарлап отыр", - деп хабарлады Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі.
Қазіргі таңда жобаның сметалық құжаттамасы мен техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Оларды 2022 жылғы бірінші жартыжылдықтың соңына дейін аяқтау және жобаны кезең-кезеңмен іске асыру жоспарланып отыр. Жоба 2025 жылғы желтоқсанда толық аяқталады деп күтілуде.
Сондай-ақ сапар аясында Ажар Ғиният Алматы қаласында фармацевтикалық препараттарды өндіру бойынша Atabay Kimya Sanayi Ticaret компаниясының басшысы Зейнеп Атабаймен екіжақты келісімге қол қойды.
Министрдің айтуынша, аталған кәсіпорын бірегей дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісін дамытуға, отандық фармацевтика өнімінің экспорттық әлеуеті мен ғылыми және кадрлық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Келісім аясында Atabay Kimya Sanayi Ticaret компаниясы зауыт құрылысына 10 млн доллар инвестициялауды жоспарлап отыр. Жоба 2023 жылдың соңына дейін іске асырылады. 200-дей жаңа жұмыс орны ашылады.