Сәуір айында шетел валютасына сұраныс едәуір азайды – Ұлттық банк

Өткен айда теңге бағамы 4,6 процентке нығайған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр – Sputnik. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов сәуір айында шетел валютасына сұраныс азайғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, өткен айда жаһандық қаржы нарығындағы құбылмалылықтың жалғасуына қарамастан, теңге бағамы 1 доллар үшін 445,62 теңгеге дейін немесе 4,6%-ке нығайды.
"Сәуірде шетел валютасына сұраныстың айтарлықтай азаюы байқалды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 179 миллион доллардан 92 миллион долларға дейін қысқарды", - деді Пірматов үкімет отырысында.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы валюта нарығына қолдау көрсетті. Оның көлемі сәуірде шамамен 253,2 миллион долларды құрады. Республикалық бюджетке берілетін трансферттерді қамтамасыз ету үшін сәуірде Ұлттық қордан 168,3 миллион доллар сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 8,7%-іне тең болды.
Пірматов ішкі валюта нарығында жағдайдың тұрақталуына байланысты Ұлттық банк сәуірде валюталық интервенция жүргізбегенін атап өтті.
"Алдағы уақытта геосаяси жағдайдың қалай өрбитіні белгісіз. Сол себепті қысқа мерзімді перспективада теңгенің құбылмалылық тәуекелі сақталады. Ұлттық банк теңгерімсіздікке жол бермейтін және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін еркін бағам режимін ұстана береді", - деді Пірматов.