Сәбит Шонтақбаевтың шаңырағы қонақтан босамай жатыр – фото

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр – Sputnik. Нұр-Сұлтанда үш жасар баланы құтқарған Сәбит Шонтақбаевтың марапаттан қолы тимей жатыр. Ал Қызылорда қаласында оның анасы халықтың алғысына бөленді, жұбайы мен балаларының қунышында шек жоқ. Сәбиттің бұрынғы әріптестері де қонақтан босамай жатқан үйге кіріп шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің шекара қызметіне сілтеме жасап.
Сәбит Шонтақбаев екі жылдай Қызылорда облысы бойынша шекара қызметінде келісімшартпен жұмыс істеген. Бұрынғы әріптестері оның көмек беруге әрдайым дайын тұратынын ерекше атап өтті.
"Ол досқа адал, қайырымды және көмекке әрдайым дайын тұратын. Спортпен айналысты. Ерік жігері мықты, жауапкершілігі жоғары. Шекарашы ретінде елдің тыныштығын сақтады. Запасқа кетсе де, антына адал болды. Үш жасар қызды құтқарды", - дейді шекарашылар.
Бұрынғы шекарашыны барлығы құттықтауға асығып жатыр. Жұбайының телефонына дамыл жоқ. Балалары да әкесін мақтап етіп жүр.
Сәбит Шонтақбаевтың шаңырағына бұрынғы әріптестері кіріп шықты
Айта кетері, 11 мамырда Сәбит Шонтақбаев терезе сыртында ілініп тұрған баланы аман алып қалды.
Министрлік оны "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісімен марапаттады. Ал астана әкімі жұмыс тауып беріп, кредитін өтеп беруге уәде етті. Жекеменшік құрылыс компаниясы Сәбит Шонтақбаевқа үш бөлмелі пәтерді сыйға тартты.