Экономика

Жыл басынан бері жалпы ішкі өнім 4,4%-ке артты

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр – Sputnik. Төрт ай ішінде Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,4%-ке өсті. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Осы жылғы қаңтар-сәуір айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,4% құрады. Негізгі трендтер бойынша есепті кезеңде нақты сектор өсімінің жеделдеуі, экспорт көлемінің үдемелі ұлғаюы, қызмет көрсету секторында тұрақты динамика байқалуда", - деді Қуантыров үкімет отырысында.
Айтуынша, нақты сектордағы өсім 5,1%-ке жеткен. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,4%-ке дейін ұлғайды.
Сауда, құрылыс, көлік және қойма, ақпарат және байланыс, өңдеу өнеркәсібі, сумен жабдықтау, тау-кен өндіру өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы салалары да оң өсім көрсетті.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 2,3%-ке өсті.
Сонымен қатар биыл қаңтар-наурызда сыртқы сауда тауар айналымы 45,3%-ке өсіп, 28,7 миллиард долларды құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 65,8%-ке өсіп, 19,1 миллиард долларға дейін жетті. Тауарлар импорты 9,5 миллиард долларды құрады.
"Жалпы, оң сауда балансы жақсарып, 9,6 миллиард долларға дейін өсті", - деді министр.
Өңдеу өнеркәсібінде де серпінді өсу үрдісі байқалуда. Жыл басынан бері өндіріс көлемі 5,8%-ке өскен.