НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр – Sputnik. Биыл 13 мамырдан бастап Қазақстан мен Түркия арасындағы жолаушылар әуе тасымалы екі есе – апта сайын 124 рейске дейін артады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратынша, қазір Қазақстан мен Түркия арасында аптасына 61 жолаушылар рейсі орындалады. Отандық Air Astana, Fly Arystan және SCAT компаниялары – 37 рейс, түркиялық Turkish Airlines және Pegasus 24 рейс.
Жолаушылар Ыстанбұл мен Анкараға және кері қарай Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Шымкент және Түркістан қалаларынан ұша алады.
Ал енді 13 мамырдан бастап рейстер саны аптасына тағы 63-ке артады. Сәйкесінше, екі ел арасындағы апта сайынғы рейс саны 124-ке дейін өседі.
"Биыл 13 мамырдан бастап Air Astana, SCAT, Turkish Airlines әуе компанияларының Анталия мен Бодрум бағыттарында қатынайтын рейстері біртіндеп артады. Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Орал, Шымкент және Өскемен арқылы қосымша рейстер орындалады", – деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Анкарада екі ел президенттерінің шағын құрамдағы кездесуі барысында.
Министрлік ақпаратынша, SCAT Нұр-Сұлтан (аптасына 7 рейс), Алматы (6), Ақтөбе (3), Атырау (3), Шымкент (2), Қарағанды (2), Орал (2), Қостанай (2), Ақтау (1), Өскемен (1) қалаларынан Анталияға аптасына 29 жаңа рейс жасайды.
Ал Air Astana Нұр-Сұлтан және Алматыдан Анталия (7 рейстен) мен Бодрумға (2 рейстен) аптасына 18 рейс орындауды жоспарлап отыр.
Turkish Airlines Нұр-Сұлтан (5 рейстен), Алматы (4) және Қарағандыдан (3) Анталияға аптасына 16 рейс, сондай-ақ Нұр-Сұлтан (2 рейстен) мен Алматыдан (2) Бодрумға әуе рейстерін орындайды.
Өскенбаевтың айтуынша, биыл шілде айында Ыстанбұл қаласында екі елдің билігі Қазақстан мен Түркия арасында әуе тасымалын одан әрі арттыру және ұшу географиясын кеңейту бойынша келіссөз жүргізеді.