НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр – Sputnik. Қазақстан алғаш рет Дүниежүзілік гимназиадаға қатысады. Оған бірден 200-ден астам оқушы аттанады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
14-22 мамыр аралығында Францияның Нормандия аймағында өтетін Дүниежүзілік гимназиадаға әлемнің 70 елінен 3,5 мыңнан астам оқушы қатысады. Қазақстанның атынан 234 оқушы қатысады.
Олар спорттың 18 түрі - бадминтон, 3х3 баскетбол, бокс, еркін күрес, әйелдер күресі, грек-рим күресі, дзюдо, жеңіл атлетика, үстел теннисі, спорттық бағдарлау, жүзу, жағажай волейболы, регби, спорттық гимнастика, садақ ату, таеквондо,семсерлесу мен көркем гимнастикадан жарыс жолына шығады.
"Дүниежүзілік гимназиадаға қатысу мектеп спортының және мектеп лигасының дамуына септігін тигізеді. Балалар жылы жас спортшыларымыз үшін осындай маңызды оқиғамен ерекшеленіп отыр. Оқушыларымыз барынша көп медаль алуға тырысады. Біз спорт түрлері бойынша мектеп лигаларын белсенді түрде дамытып жатырмыз", - дейді министрлік мамандары.