НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр – Sputnik. Елордалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы әкімшілік полиция басқармасының келісімімен бірден бірнеше учаскеде жол төсемін орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Мәселен осы жылдың 13-16 мамыр аралығында жол төсемін орташа жөндеу жүргізуге байланысты Қабанбай батыр даңғылының Қорғалжын тас жолынан Сарайшық көшесіне дейінгі аралығы көлік қозғалысы үшін толығымен жабылатын болады.
Дәл сол себепті жоғарыда аталған күндері Jusan Bank ғимаратының жанындағы Бөкейхан көшесі мен Сығанақ көшесінің арасындағы қозғалыс пен жол толығымен жабылады.
"Қала жолдарында кептеліс тудырмас үшін елорда тұрғындары мен қонақтары қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауы қажет. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім өтінеміз және жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне түсіністікпен қарауды сұраймыз", - делінген көлік басқармасының хабарламасында.