Қоғам

Қазақстанда пара беруге уәде еткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілуі мүмкін

Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту ұсынылды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр – Sputnik. Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірқатар ұсынысты қазақстандықтардың талқысына шығарады. Олардың арасында:
жемсқорлықпен күресу әдістерінің бірі ретінде жемқорлардың жария тізімін жасау;
пара беруге уәде еткені және пара ұсынғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу;
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершіліктің құқықтық тетіктерін жетілдіру;
сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығын жасағаны үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту;
сыбайлас жемқорлық әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін ескіру мерзімін ұлғайту;
халықаралық коммерциялық мәмілелерді жүзеге асыру кезінде шетелдік лауазымды тұлғаларды параға сатып алуға қарсы күрес жөніндегі конвенцияға қосылу мақсатында Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекске түзетулер енгізу.
Құжат қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында жарияланады.
Консультативтік құжаттарды талқылау мерзімі 15 жұмыс күнін құрайды және осы жылдың 2 маусымына дейін жалғасады, деп хабарлады Антикордың баспасөз қызметі.
Агенттік қазақстандықтарды консультативтік құжаттарды талқылауға белсенді қатысуға шақырды.
2023 жылы Антикор парламент мәжілісіне екі заң жобасын енгізуді жоспарлап отыр:
- "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы;
- "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы.