Қаңтар оқиғасы

Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қаруды сатпақ болған екі адам ұсталды

Іс материалдарында тапаншаны сатуға шығарған талдықорғандықтар күдікті ретінде танылған
Sputnik
ТАЛДЫҚОРҒАН, 11 мамыр – Sputnik. Талдықорғанда қауіпсіздік күштері қару сатушыларды ұстау бойынша бірлескен арнайы операция жүргізді, деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күдіктілерден қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған ПМ-нің (Макаров тапаншасы) екі данасы тәркіленді. Операцияны ​​10 мамырда ҰҚК қызметкерлері мен криминалдық полиция басқармасы жедел уәкілдерінің көмегімен арнайы жасақ сарбаздары жүргізді.
"Талдықорған қаласының 1982 және 1994 жылы туған екі тұрғыны қару сатпақ болды деген күдікке ілінді. Екеуі Макаров тапаншасын сатып жатқан жерінен ұсталды. Тінту кезінде олардан сатылып кеткен ПМ-нен бөлек, осындай маркадағы тағы бір тапанша тәркіленді. Қару қаладағы нысандардың бірінен ұрланған болып шықты", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Факт бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ресми ақпаратқа сәйкес, жыл басынан бері өңірде заңсыз айналымнан 366 атыс қаруы мен 6,5 мыңға жуық оқ-дәрі тәркіленді.