НҰР-СҰЛТАН, 9 мамыр – Sputnik. Қазақстан мен Мальдив Республикасының билігі визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қойды, деп хабарлады Қазақстанның сыртқы істер министрлігі.
Бұл келісім екі ел азаматтарына Қазақстан мен Мальдив аралдарының аумағында 30 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге визасыз кіруге және онда болуға мүмкіндік береді.
Алайда жұмысқа орналасу, білім алу немесе іскерлік мақсатта ел аумағына кіруді көздейтін адамдар тиісті виза алуға міндетті болады.
Еске салсақ, 2021 жылдың қазан айында Қазақстан мен Мальдив Республикасы екі елдің шекарасын кесіп өту кезінде азаматтарды коронавирус жұқтырмағаны туралы тест нәтижесі бар ПТР анықтама ұсыну міндеттемесінен босататын вакциналау паспорттарын өзара мойындады.