НҰР-СҰЛТАН, 9 мамыр – Sputnik. Елордада Жеңістің 77 жылдығына орай демеушілер қаражаты есебінен мерекелік отшашу болады.
Отшашу 9 мамыр күні сағат 22:00-де Есіл өзенінің жағалауында іске қосылады, деп хабарлады қала әкімдігі.
Ұзақтығы 10-12 минутқа созылатын отшашу кемінде 3 мың рет атылады.
Қала тұрғындары үшін онлайн және офлайн форматта концерттер мен түрлі қойылымдар түрінде іс-шаралар ұйымдастырылған.
9 мамырда студенттер саябағында ардагерлер мен басқа да азаматтар үшін концерт өтеді. Мерекелік концерт сағат 14:00-ге дейін созылады.
Сондай-ақ бүгін "Жеңімпаздар. Батырларға тағзым" онлайн-акциясы өтеді. Бұл іс-шара қазақстандық ҰОС ардагерлері мен Жеңіс күніне арналған. Акция Tengrinews.kz жаңалықтар порталында өтеді.
Сонымен қатар Жеңіс күнін тойлау аясында дәстүр бойынша соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдерінің қатысуымен "Отан ана" монументі мен Талғат Бигельдинов, Рақымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова сынды ҰОС батырларының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.
9 мамырда "Солдатский котелок" ертегісін көрсететін Қуыршақтар театрына баруға болады. Ал 10 мамырда "АЛЖИР" музей-мемориалды кешенінде мерекеге арналған "Біз жеңістің ұрпағымыз!" лекциясы өтеді.