Балаға дөрекілік танытқан павлодарлық тәрбиеші жазаланды

Балабақша басшысына да тәртіптік жаза қолданылды
Sputnik
ПАВЛОДАР, 9 мамыр – Sputnik. Балаға дөрекілік таанытқаны үшін павлодарлық балабақша тәрбиешісі жұмыстан шығарылды, деп хабарлады облыстық білім басқармасы.
"Бүгінгі күні тәрбиеші жағымсыз себептермен қызметінен босатылды. Мұндай фактіге алдағы уақытта жол бермеу мақсатында педагогтардың бала өмірі мен денсаулығын сақтау нұсқаулығын ұстану мәселесі жөнінде кезектен тыс жиын өтті. Мекеме басшысына сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды және балабақша жұмысшыларының өз қызметтік міндеттерін орындау және ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша шараларды күшейту ұсынылды", - деп жазылған білім басқармасы ұсынған жауапта.
Sputnik Қазақстан хабарлағандай, екі жастағы баланың анасы балабақшаға барған екі аптадан кейін жасқаншақ болып қалғанын байқаған. Бейнежазбаны көргеннен кейін баланың мұндай қылығына не себеп болғаны анықталды.
Тәрбиеші баланы жұлқып, оның аузын жапқан, еденге түскен сүлгімен оның бетін сүрткен. Балабақша қызметкері басқа балаларға да дөрекілік танытқан: бір баланы капюшонынан ұстап жетектеген, қолдарынан жұлқыған, балалардың ойыншық ойнауына кедергі жасаған.