НҰР-СҰЛТАН, 8 мамыр – Sputnik. Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында "Ауыл аманаты" қосалқы бағдарламасы іске қосылды, деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапарында ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобаның арқасында халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі артып, тұрғындардың орташа табысының өскенін атап өтті.
"Пилоттық жоба өзінің тиімділігін дәлелдеді. Ол жұмыспен қамту, табыс табудың жаңа мүмкіндіктерімен қатар өңірлік деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін де шешеді", -деді Ералы Тоғжанов.
Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу.
"Пилоттық жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру нәтижесінде әрбір отбасының табысы орта есеппен 4 есеге артты. Жеке кәсіпкерлер саны 2282-ге өсті. 589 жаңа жұмыс орны құрылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 65%-ке, жұмыссыздар саны 36%-ға азайды. Біздің есептеуіміз бойынша, жобаны іске асырудың бес жылында экономикалық тиімділік 14,9 миллиард теңгені құрайды", — деді Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов.
Вице-премьер Жамбыл облысының оң тәжірибесін елдің өзге аймақтарына кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
"Ол үшін әрбір азамат ортақ іске елеулі үлес қосуы қажет. Ең бастысы кез келген ауыл тұрғынына қолжетімді етіп, жобаларды шағын инвестициялармен жүзеге асыруға мүмкіндік беру керек. Осындай жобалар арқылы біз ауыл халқының табысын арттырамыз. Бұл жобаны "Ауыл аманаты" деп атауды ұсынамыз", — деді Ералы Тоғжанов.
"Ауыл аманаты" қосалқы бағдарламасы халықтың табысын арттыру бағдарламасы шеңберінде іске асырылады.