АЛМАТЫ, 6 мамыр — Sputnik. Жаңаөзенде 6 мамырға қараған түні қатты жаңбыр салдарынан 112 шұғыл нөміріне көптеген қоңырау түскен. Көшелер мен тұрғын үйлердің аумағында жаңбыр суы жиналған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Барлығы сегіз аула, екі тұрғын үй, үш көше және бір жалпы білім беретін мектеп су астында қалған.
Қазіргі уақытта Жаңаөзен қаласының төтенше жағдайлар бөлімі әкімдікпен бірлесіп №3 өрт сөндіру бөлімінің коммуналдық қызметтердің арнайы техникаларын және су сору құрылғыларын шығарды. Жаңбыр суын сору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің 16 қызметкері, 1 техникасы мен 3 мотопомпасы, сондай-ақ коммуналдық қызметтердің 17 жұмыскері мен 12 техникасы жұмылдырылған.
"Лада" басылымының хабарлауынша, 5 мамырда жаңбырдан кейін Қарақия ауданында сел жүрді. Көлік жүргізушілері видеосын бөлісті. Кадрлардан су ағыны Ақтау мен Жаңаөзен арасын жалғайтын тасжолға қалай жеткені көрініп тұр. Сондай-ақ, жүргізушілер жауын-шашынға байланысты жол көрінбегенін айтты.
6 мамыр таңертең жергілікті тұрғындар Sputnik Қазақстан тілшісіне Жаңаөзендегі №22 мектепте, сондай-ақ Қарақия ауданы Бостан ауылындағы орта мектепте сабақ тоқтатылғаны туралы хабарлады.
Жаңаөзендегі су тасқыны
© Sputnik / Стрингер
"Қазгидромет" синоптиктерінің болжамы бойынша, Маңғыстауда 6-7 мамырда жаңбыр жауып, жел күшейеді. 6 мамырда Маңғыстау облысының басым бөлігінде жауын болады, солтүстікте, батыста, облыстың орталығында қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ жауады. Күндіз облыстың оңтүстігінде шаңды дауыл. Солтүстіктен, солтүстік-шығыстан соққан жел облыстың басым бөлігінде 15-20, солтүстік-батыста, солтүстік-шығыста екпіні 23-28 м/с жетеді.
Ақтауда 6 мамырда түнде қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ болады. Солтүстік, солтүстік-шығыстан күндіз жел соғады, екпіні 15-20 м/с жетеді. Маңғыстау облысының ТЖД аймақ тұрғындарына жеке қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынды.
Сондай-ақ, тұрғындарға балаларды ерекше бақылауға алуға, қараусыз қалдырмауға кеңес берілді. Маңғыстаулықтарға аса қажет болмаса, далаға шықпау ұсынылады. Желден үй қабырғалары маңында жасырынуға болмайды. Өйткені шатырдан түрлі материал құлауы мүмкін.