Павлодарлық әйел 4,5 миллион теңгені басқа біреудің шотына аударып жіберген

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 6 мамыр – Sputnik. Алаяқтар павлодарлық әйелді 4,5 миллион теңгеге алдап кетті, деп хабарлады Polisia.kz.
Қаскүнемдер "алаяқтарға" қарсы арнайы операцияға қатысып жатырмыз деген сылтаумен Павлодар облысы тұрғынының 4,5 миллион теңгесін иемденіп кеткен.
"Жәбірленушілердің бірі өзін күш құрылымдарының қызметкері ретінде таныстырған белгісіз тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Павлодар облысының полициясына жүгінді", – деп хабарлады Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.
47 жастағы павлодарлық әйел "Қаржы бақылау департаментінің тергеушісі" ретінде өзін таныстырған белгісіз ер адам қоңырау шалғанын айтқан. Ер адам сенімхат бойынша оның атынан банктердің біріне 400 мың теңге сомасында ақшалай кредит ресімдеуге өтінім түскенін жеткізген.
Белгісіз адам сенімге кіру үшін әйелдің денсаулығының жай-күйін сұрап, оның денсаулығына байланысты проблемалар жоқ екенін білген соң, бұл алаяқтық әрекеттер болуы мүмкін екенін айтып, оны өзін қаржы полициясының тағы бір маманы ретінде таныстырған "қызметкермен" байланыстырған. Әрі қарай жалған маман жәбірленушіні "алаяқтардың" әрекеттерін бақылау үшін ақшалай кредит алу қажеттігін айтып сендірген.
Әйел ойланбастан 1,5 миллион теңге сомасына кредит ресімдеп, барлық соманы алаяқтаржіберген деректемелерге аударған. Кейінірек әйел WhatsApp мессенджері арқылы кредит "мерзімінен бұрын өтелгені" туралы құжатты PDF форматында алған. Онда 1,5 миллион теңге сомасындағы кредит мерзімінен бұрын өтелгені көрсетілген.
Келесі күні белгісіз ер адам әйелге тағы да қоңырау шалып, тағы бір өтініш білдіріп, бұл жолы алдын ала әрекет ету керек екенін айтқан. Оның өтініші бойынша әйел алдындағы тәсілмен әртүрлі банктерде 1,9 миллион және 1 миллион теңге кредит ресімдейді.
Әңгіме барысында қаскүнем сенімге кіре отырып, ресми сарынды ұстанып, серіктестіктен бас тартқан жағдайда жауапкершілік көзделетіні туралы ескертетін заңды терминдерді қолданып сөйлеген.
Осылайша ештеңеден сезіктенбеген әйел ақшаны "қызметкер" берген тағы бір реквизитке аударады. Сол жалған қызметкердің өтініші бойынша әйел басқа банктен 1 миллион теңгеге тағы бір кредит алған.
Барлық нұсқауды орындағаннан кейін, әйел "қызметкерге" телефон шала бастайды, алайда мұндай нөмір жойылған болып шығады.
Қазіргі уақытта алаяқтық фактісі бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Осы қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау үшін барлық шара қабылдануда.