НҰР-СҰЛТАН, 6 мамыр – Sputnik. Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күніне орай елордада бірқатар мерекелік іс-шара ұйымдастырылады. Мерекелік іс-шаралар қаланың барлық ауданы мен елді мекенінде, сондай-ақ ашық алаңдарда ұйымдастырылады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Жеңіс күні мерекесімен әскери оркестр ардагерлер тұратын аулаларға автобуспен барып құттықтайды. Сондай-ақ, бұл күндері елорданың белсенді жастары адам көп жиналатын орындарда "Жеңіс лентасы" мен естелік белгілер таратады.
7 мамырда Demalys Promenade аумағында Отан қорғаушы күніне және Жеңіс күніне арналған мектеп оқушылары, студенттер арасында жеңіл атлетикадан эстафета өтеді. Қатысушылар 14 кезеңнен тұратын 5 335 метр қашықтықты жүгіріп өтеді.
Бұл күні дәстүрлі түрде елорданың бес алаңында әртістер мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттер өтеді. Іс-шара Студенттер саябағында сағат 18:00-ден 20:00-ге дейін, Жазушылар аллеясында сағат 18:00-ден 20:00-ге дейін, Demalys Promenade аумағында сағат 18:00-ден 22:00-ге дейін, "Бәйтерек" монументінің жанында сағат 18:00-ден 22:00-ге дейін өтеді.
Сондай-ақ, сағат 17:00-ден 18:30-ға дейін Амфитеатрда ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы "Қуатты армия – қуатты Қазақстан" концертін ұйымдастырады. Бағдарламада Орталық әскери оркестр мен ансамбльдің қойылымдары болады.
"Жастар" сарайы әлеуметтік желілердегі парақшаларында мереке күндері – 8-10 мамырда "Батыр ерлігі" онлайн-жобасын өткізеді.
Ерлік сабағы 6 мамыр күні №4 балалар кітапханасында, 11 мамыр күні мерекеге орай №4 көпшілік кітапханада "Қармен жуылған қан" атты патриотизм сабағын ұйымдастырады.
АЛЖИР мемориалды-мұражай кешені 10 мамырда Жеңіс күніне арналған "Біз Жеңістің ұрпағымыз!" іс-шарасын өткізеді.
Астаналық цирк айтулы даталарға орай көрермендер үшін арнайы цирк бағдарламасын дайындап отыр.
Қуыршақтар театры 6-9 мамыр аралығында "Солдатский котелок" ертегісін көрсетеді.
7 мамырда М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында күндіз С.Астраханцевтің "Братец Лис и братец Кролик" ертегісі, ал кешке – "Чем дальше мы уходим от войны..." музыкалық-поэтикалық композициясы көрсетіледі.
"Жастар" театрының репертуарында 7 мамырда "Жанарымдағы жалғыз әуен" қойылымын, 8 мамырда "Ғашықтар" драмасын көруге болады.
Nomad City Hall сахнасында 9 мамырда Д.Исабековтың "Тыныштық күзетшісі" драмасы көрсетіледі.
Жеңіс күнін мерекелеу күндері соғыс ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің, қоғамдық және жастар ұйымдары өкілдерінің қатысуымен Ұлы Отан соғысы жылдары қаза болған жауынгерлердің рухына арнап "Отан Ана" монументіне және соғыс батырлары – Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және т.б. ескерткіштеріне гүлшоғын қою рәсімі дәстүрлі түрде өткізіледі.
Жеңіс күніне орай Нұр-Сұлтанда тұратын 18 Ұлы Отан соғысы ардагеріне миллион теңгеден төленген.