ТАЛДЫҚОРҒАН, 5 мамыр — Sputnik. Алматы облысында өз қызметкерін аяусыз ұрғаны үшін ұсталған кәсіпкерге қатысты қылмыстық бап қатаңдатылды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдіктінің іс-әрекеті енді кісі өлтіруге оқталу бабы бойынша қарастырылады.
"Қылмыстық кодекстің 106-бабы ("денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру") бойынша тіркелген қылмыстық іс 99-баптың 2-бөлігі бойынша ("адам өлтіруге оқталу") қаралады. Заңнамаға сәйкес, бұл бапта қатаң жауапкершілік қарастырылған", - деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ақсу аудандық полициясының тергеушілері куәгерлерден жауап алып, қажетті сараптамаларды тағайындады. Сондай-ақ, қылмыс орнында куәгерлер түсірген видео қазір қылмыстық тергеу материалдарына заттай дәлел ретінде тіркелген.
Еске сала кетсек, 2 мамыр кешке Талдықорғанда фермер қоластындағы жұмыскерін сабап тастады. Жәбір көрген ер адам фермада отбасымен бірге тұрған. Ол кәсіпкердің малын баққан. 2 мамыр күні екеуі сөзге келіп қалған. Жанжалдан кейін бақташы әйелі мен кәмелет жасқа толмаған балаларын алып, фермадан кетпек болған. Сол кезде күдікті оны Lexus-470 көлігімен қуып барған. Фермер оны көлігімен басып өтті деген күдік бар. Одан кейін шығып, тағы ағаш таяқпен ұрған.
Дәрігерлер жәбірленушіде гемопневмоторакс анықтады. Ондайда адамның кеудесінде қан жиналып қалады. Бұдан бөлек, тоғыз қабырғасы мен жауырыны сынған. Ол облыстық ауруханада жатыр.