Білім

ҰБТ-2022: білім гранттарын бөлу кезінде квота кімге бұйырады

Биыл ҰБТ 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik. БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директоры Әділет Тойбаев мемлекеттік білім гранттарын бөлу кезінде кімдер үшін квота қарастырылғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, білім министрлігінде квота бөлінетін негізгі 9 топ бар.
Олардың ішінде: көпбалалы отбасыларға – 5%, толық емес отбасылар – 1%, бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға – 1%, қандастар – 4%, жетім балаларға – 1%, ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер – 0,5%, ауыл жастары – 30%, "Серпін" бағдарламасы – 10%, мүгедек балалар үшін – 1% квота.
"Бұл квоталар бойынша ешқандай өзгеріс жоқ. Әдеттегідей осы топтардан шыққан балаларға осы квота аясында гранттар беріледі", - деді Әділет Тойбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетері, биыл ҰБТ 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді.
Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижемен гранттарды тағайындау конкурсына қатыса алады.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгермейді – үш міндетті және екі таңдау бойынша. Тест тапсырмаларының саны – 120. Ең жоғарғы ұпай саны – 140.
Тестілеуге 4 сағат (240 минут), ал ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қосымша 40 минут уақыт беріледі.