Қоғам

Тоқаев референдум туралы жарлыққа қашан қол қояды – депутат жауап берді

Алдағы референдум 29 мамыр мен 29 шілде аралығында өтуге тиіс
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik. Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, депутат Арман Қожахметов республикалық референдумды өткізу мерзіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Конституциялық кеңестің қорытындысы осы аптада шығады деп отырмыз. Біздің мәліметіміз бойынша солай, осы аптада түсуі керек. Осыдан кейін президент шешім қабылдайды. Мемлекет басшысының республикалық референдумды өткізу туралы жарлығы шығарылады, нақты күні де көрсетіледі", - деді Қожахметов пленарлық отырыстан кейін журналистерге берген сұхбатында.
Осы орайда депутат заңда референдумды өткізу мерзімі туралы жазылған еске салды. Оған сәйкес, референдум өткiзу туралы шешiм қабылданған күннен бастап бiр айдан ерте емес және үш айдан кеш емес мерзiмде ұйымдастырылады.
Бұл дегеніміз, алдағы референдум 29 мамыр мен 29 шілде аралығында өтуге тиіс.
"Заңда референдумның формасы да жазылған. Бізде екі форма бар. Маңызды бір сұрақ шығарылады, я болмаса, заң жобасы дауысқа салынады. Бұл жерде заң жобасы болып тұр", - деп атап көрсетті Қожахметов.
Журналистер конституциялық түзетулер қалай дауысқа салынатынын да сұрады. Депутат: "Жалпы", - деп қысқа ғана жауап берді.
Ал Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісовтың айтуынша, референдум туралы президент жарлығында бюллетеньде жазылатын нақты сұрақ та көрсетілді.
Айта кетейік, жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға енгізілетін түзетулерді Конституциялық кеңестің қарауына енгізді. Соның ішінде Ата заңан Елбасы мәртебесін алып тастауға арналған өзгеріс те бар.
Бірақ "Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" анықтамасын қалдыру ұсынылып отыр.