НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik. Шымкентте бірнеше тұрғын үйге және балабақшаға жылан кіріп кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, құтқарушылар демалыс және мереке күндері бірнеше рет жылан аулауға шақырылған. Атап айтқанда, Азат, Тассай, Еламан мен Нұртас шағын аудандары, Лихачева өткелі, Әлімбетов, Мұңайтпасов пен Көкжелік көшелері, 190 орам, 13 пен10/46 учаскедегі үйлерден хабар түскен.
Құтқарушылар арнайы құралмен барлық жыланды кауіпсіз жерге шығарып тастаған. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мамырдың аяғына дейін сақ болуға шақырды.
"Сәуірдің ортасында мамыр айының соңында жыландарда жұптасу процесі жалғасады. Осы кезеңде олар қауіпті әрі өте агрессивті болады. Сондықтан жылан көрсеңіз, одан 1,5 – 2 метрге алшақ жүріңіз. Ал жылан шағып алса, жатып, барынша аз қимылдау керек", - дейді құтқарушылар.
Сондай-ақ, жарадан уды өз бетінше алып тастауға тырыспаған жөн. Тістелген жерді байлауға да болмайды. Ондай әрекет кері әсерін тигізуі мүмкін. Антигистамин препараттарын пайдаланып, суды көбірек ішу керек. Адамды шұғыл ауруханаға жеткізген дұрыс.