НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев "бір аудан – бір кәсіпорын" қағидаты бойынша су арналарын ірілендіруді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, салынған су құбыры желілері әкімдік балансында қалады немесе білікті мамандары мен арнайы техникасы жоқ кәсіпорындарға беріліп жатады. Ал бұл су құбырларының тез арада тозуына әкеп соғады және қайта қалпына келтіру үшін қосымша шығынды талап етеді.
"Осыған байланысты су желілеріне тиісті қызмет көрсету үшін "бір аудан – бір кәсіпорын" қағидаты бойынша су арналарын ірілендіру ұсынылады. Бұл шара көрсетілетін қызмет сапасын және жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді", - деді Өскенбаев үкімет отырысында.
Әкімдіктер жергілікті бюджет қаражаты есебінен жарғылық капиталын ұлғайту арқылы су арналарының материалдық-техникалық базасын жақсарту жөнінде шаралар қабылдауы қажет. 2021 жыл қорытындысы бойынша сумен жабдықтау қызметтерімен қамту 96%-ті, оның ішінде қалаларда – 98,1%, ауылдарда – 93%.
Ауылдарды ауыз сумен қамтудың ең төменгі деңгейі Қостанай (74,9%) және Солтүстік Қазақстан облыстарында (83,5%) тіркеліп отыр. Ал қалаларда сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша Жамбыл облысы артта қалған (91%). Сумен жабдықтау қызметтерімен Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облыстарының қала тұрғындары 100% қамтылған.
Ауылдарды аталған қызметпен қамтамасыз ету бойынша көшбасшылар қатарында Алматы (99,1%), Атырау (99%), Қызылорда (97,8%) және Маңғыстау (96,2%) облыстары тұр.
Өскенбаев көш соңында қалған өңірлерге басым негізде қаражат бөлінетінін атап өтті. Министр биыл бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 215 миллиард теңге көзделгенін мәлімдеді. Оның ішінде қалаларға – 120 миллиард теңге және ауылдарға 95 млрд теңге. Нәтижесінде жыл соңында қала халқының 98,5 пайызы, ал ауыл халқының 94,7 проценті сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылады.
Қазақстанда барлығы 6 302 ауылдық елді мекен бар, оның ішінде 4 759-ы сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылған: 4 128 ауыл орталықтандырылған су жүйесімен жабдықталса, 631 ауылда кешенді блок-модульдері орнатылған.
Өскенбаев президенттің халықты бес жыл ішінде ауыз сумен қамту туралы тапсырмасы кезең-кезеңмен 2025 жылға дейін орындалатынына сендірді.